«Қазақ» - ұлттың аты ма, әлде этноним бе?
Бұлай деп сұрақ қоюымыздың өзі логикалық жағынан қате екенін біз білеміз. Әйтсе де, шығу төркіні бір екі сөзді екі айырып, танымдық қатпарларын ақтарыстыра отырып қарастыруға біз мәжбүр болып отырмыз. Олай етуге бізді итермелеп отырған бүгінгі елімізде қалыптасқан осы ұғымдар тарапындағы түсінбестік, түсінбестіктен туындаған саяси жаңсақ іс-әрекет. Барлық дау-дамай Қазақстан республикасының азаматтарының төлқұжатындағы «ұлты» деген анықтауыштың алынып тасталуынан басталды. Бұл халықпен санаспай, ақылдаспай істелген әнтек әрекет қазақ халқының заңды ашу-ызасын тудырды. Ақыры халық қалаулылары ара түсіп, бұл іс насырға шаппай аяқталған сыңайлы.
Өз алдына ұлт болу, мемлекет болу – жер бетіндегі кез-келген халықтың асыл мұраты. Ендеше, халықтың нәзік те жанды жерімен ойнау қауіпті екенін бұл шетін іске еш ойланбай барғандар сезінсе керек. «Ұлты» деген анықтауышты алып тастау – бұл жай ғана саяси қате қадам емес, бұл – ұлтқа жасалған кезекті шабуыл; қалайда көпэтникалық Қазақстанды мемлекетті құраушы халық – қазақ халқының негізінде біріктірмеу, қазақ халқын өз алдына дербес мемлекет құрып отырған ұлт ретінде мойындамау.
Біздің билік басындағы кейбір азаматтардың «ұлт» жайында түсінігі Совет одағы кезінде қалыптасқан «этникалық тиістілік» - «этническая принадлежность деңгейінде. Олар қазақты ұлт емес, этнос деп, «қазақ» атауын ұлттың атауы емес, этностың атауы – этноним деп ұғады. Барлық мәселенің кілтипаны - осы екі ұғымның парқын ажырата алмағандықтан. Қазақ тіліндегі «ұлт» сөзінің баламасы болып отырған «нация» мен «халық» деген сөздің баламасы болып отырған «этностың» - шығу төркіні бір. Тек айырмасы «этнос» [< гр. ethnos – халық] – халықаралық қолданыста «этникалық қауымдастық» деген мағынаға ие болса, «нация» [< лат.natio – халық] – 1) адамдар қауымдастығының тарихи қалыптасқан формасы; 2) ел, мемлекет деген мағынаға ие екенін көреміз (Современный словарь иностранных слов. М.,1994). Халықаралық қатынаста, ішкі, сыртқы саясатта қолданылатын «этнос», «нация» сөздерінің шығу тегі бір болғанымен, тарихи –обьективті дамудың заңдылығына сәйкес қолдану аясы, танымдық шеңбері әртүрлі екенін көреміз.
Әр нәрсені өз атымен айта білу - үлкен өнер. Қытай халқының хәкімі Кұң-цзы ілімінде «атауларды түзету» деген қағидат бар. Мемлекетті басқаруды неден бастайсыз деген шәкіртінің сауалына Кұң-цзы: - Міндетті түрде атауларды түзетуден, - деп жауап береді. Шәкіртінің көңілі толмай: -Бұл айналма жол, Сізге бұл түзетудің қажеті қанша , - дегеніне Ұстаз: - Мәрт ер өзінің түсінбеген нәрсесі туралы сөз айтудан бас тартады. Егер атаулар түзетілмесе, сөйлейтін сөзге көнбейді. Сөйлейтін сөзге көнбесе, іс те істелмейді,- деп жауап береді («Лунь-юй», XIII,3). Біздің көп ісіміздің алға баспай, берекеміздің шамалы болып тұрғаны осы «атаулардың түзетілмегінен»: ақты – ақ, қараны – қара деп батып айта алмағандымыздан. Әйтпесе, тәуелсіздік алғанымызға биыл ,Құдай бұйыртса, табандай 18 жыл болады - әлі өз мемлекетімізді өзіміздікі деп айта алмай пұшайман болып отырмыз. Абай айтқан: «Өзімдікі дей алмай өз малыңды // Күндіз күлкің бұзылды, түнде – ұйқың» - деген кіріптар жағдай әлі күшінде. Құдайдан жасырмағанды адамнан жасыра алмайсың, бұл кімнің мемлекеті екендігі «Қазақ-стан» деген атаудың өзінде тұрған жоқ па? «Қазақ» - этноним (этностың есімі) парсының «стан-мемлекет» деген сөзінің жалғануымен ұлттың атына, мемлекеттің атына айналып отыр. Қазақ –стан – «Қазақ мемлекеті», «Қазақ елі» деген мағынаны береді. Және бұл жердегі «қазақ» енді этностың атауы емес, ұлттың-мемлекеттің атауы. Көлеңкесінен қорқатын, отарлық езгі етінен өтіп сүйегіне жеткендер қорықпай-ақ қойсын – «Қазақ» мемлекеттің атауы, ұлттың атауы ретінде осы Қазақстанда тұрып жатқан барлық этностарға бірдей тиесілі, - ол этностардың ішінде этникалық қазақтар да бар. Тек басқа этностардан айырмашылығы, Қазақ этносы мемлекетті, ұлтты тудырып отырған этнос. Өйтекені «нация» сөзіне негіз болып отырған лат.natio сөзі «туылды» деген де мағына береді. Орта ғасырда Еуропа университеттеріндегі жерлестік негізде құрылған студенттер қауымдастығы осылай аталған екен. (Уйкипедия, онлайн энциклопедиясы). Ендеше, басқа да ҰЛТ =МЕМЛЕКЕТТЕР сықылды Қазақстан да көпэтникалық жалғыз, дара ҰЛТ=МЕМЛЕКЕТ. Қазақстанда жалғыз ҰЛТ=МЕМЛЕКТ бар: ол –ҚАЗАҚ ҰЛТЫ=МЕМЛЕКЕТІ.
Қазақ халқының мемлекеттлігінің тарихы сонау Сақ, Ғұндардан басталады. Найзасы көк тіреген көк түріктер құрған алып империя – Түркі қағанаты халқымыздың тарихи жадынан әлі өшкен жоқ. Қыпшақтар, бабаларымыз құрған Алтын Орда, оның лайықты ізбасары бола білген Қазақ хандығы... Қазақтың соңғы ханы, қазақ мемлекеттігінің соңғы қызғыш құсы Кенесарының басы кесілгенен кейін қазақ елдігін (мемлекеттігін) жоғалтты, Ресей империясының отарына айналып, теліміне түсті. Енді қазақ халқы өзіндік төл дүниетанымынан, құндылықтарынан ажырап батыстық-ресейлік құндылықтарды қабылдауға мәжбүр болды. Сөйтіп, қазақ халқы батыс өркениетімен қиын жағдайда, отарлық кепте кездесті. Содан бері батыс әлемі тудырған мемлекеттік жүйе, үғымдар мен түсініктер – қазақ халқының тыныс-тіршілігінің тиянағына айналғаны тарихи факт. Қазіргі біз қолданып отырған мемлекеттік жүйе де сол батыс өркениетінің жемісі. Ендеше, ауытқымас үшін, шындықтың ауылынан алыс кетіп қалмас үшін де әңгіме ауанын осы контексте, яғни батыс мәдени құндылықтары тұрғысынан жүргіземіз.
Сонымен, барлық мәселе патшалық Ресейдің, онан соң қызыл Орыс-Совет отарында бір жарым ғасырдан астам болып, елдік санасы сансыраған қазақ социуымының «Ұлт» - «Нация» деген сөздерді бүгінгі әлемдік қолданысқа сай түсіне алмауынан туындап отырғаны айтпаса да түсінікті. Олай болатын себебі – санадағы шөгіп жатқан отарлық кезеңде пайда болған құлдық психология, сол баяғы күні өткен орыстық-советтік түсініктер шылауынан шыға алмау. Он бес ұлттық республиканы бауырына басып отырған Орыс-Совет империясы өзін Ұлт-Нация деп айта алмады. Ұлт-Нация болу үшін бір тұтас, тәуелсіз, ұлттық идея негізінде дүниге келген қазіргі заманғы мемлекет болуы шарт еді. Олай деп айтуға Совет үкіметінің империялық табиғаты жібермеді. Олар үшін Ұлт- мемлекет емес, бар жоғы этникалық тиістілік (этническая принадлежность) қана еді (Қазіргі біздің «нация» (ұлт) мен «национальность» (ұлты) деген ұғымдарды этникалық тиістілік ретінде қабылдап сандалып жүргеніміз сол советтік кезеңнен санаға сіңіп қалған қате түсінік, ескірген таным). Сөз жүзінде он бес республиканың тәуелсіздігі мойындалғанмен, іс жүзінде барлық билік метрополияның орталығы Мәскеуде шоғырланды. Тарих ғылымының докторы, профессор, «Мемлекет тарихы институты» мемлекеттік мекемесінің директоры Бүркітбай Аяғанның пікірі де ойымызды бекіте түседі: «Басқа да көптеген ұлттар секілді қазақтың да алданып келген жері осы: КСРО ұлтық құрамы бойынша көп ұлтты ел саналғанымен шын мәнінде ол орыс империясы, орыс мемлекеті болды. Дүниеге бізге қарағанда көзі ашық батыс ғалымдары осы жағдайды еретерек байқап, совет елі дегенді тікелей «орыс елі, орыс мемлекеті» деді, бізді де орысқа қосақтап жіберді» («Қазақ Әдебиеті», №52(1) (3109), 25.12.2008).
Бұлай болып тұра беруі мүмкін емес еді. Империя, мейлі ол қызыл, сары болсын - әйтеуір бір ыдырайтынын кәрі тарих көрсетіп отыр. Сондықтан ұлт-азаттық қозғалыстың, ұлт-азаттық күрестің нәтижесінде империялар ыдырап, езілген-жаншылған ұлттар ерте ме, кеш пе өз алдына мемлекет болатыны, ұлттық мемлекет құратынын тарихтан хабары бар адам білсе керек.
Өзін ҰЛТ деп айта алмаған Қызыл империя «Біз – Совет халқы» - «Мы – Советский народ» - деді. Өзінің империялық пиғылын бүркемелеп, қолдан жасанды, түптің түбінде өзінің кім екендігін ұмытатын, бәрі біл тілде, (орыс тілінде) сөйлетін затсыз, тексіз халық жасағысы келді. Қазіргі біздің «Біз – Қазақстан халқы» - «Мы – Казахстанский народ» деп жүргеніміз сол келмеске кеткен кезеңдердің санадағы жаңғырығы емес деп кім айта алады? Оның орынына «Біз – Қазақ ұлты» - «Мы – Казахская нация» деп айтатын кез келді емес пе? Тарих өзі ұсынып отырған мүмкіндікті пайдаланбай ұлттық мемлекет құра алмасақ өкпемізді кімге артамыз, кімді кінәлаймыз…
Енді сөзіміз тиянақты, дәлелді болу үшін қазіргі әңгімемізге өзек болып отырған «ҰЛТ-НАЦИЯ» мемлекеттік формасының дүниеге келуі мен генезисі туралы батыс ғылымы не дейді екен, соған тоқталалық: «Мемлекеттің тарихи формалары өзінің көптүрлілігімен сыпатталады: ол өзінің дамуында антикалық қала-мемлекеттердің (полистардың) алдында болған әлемдік империялардан Жаңа замандағы монархияларға дейін, XIX ғасырда пайда болған ұлттық мемлекеттерге (немесе мемлекеттер-ұлттар) дейін жолды жүріп өтті. Бірақ тап сол XV-XVI ғасырлардың өзіне дейін мемлекеттер қатаң түрде белгіленген территориялық шекаралардың болмауынан, орталық биліктің периферияларды билеудегі әлсіздігінен, социумды ұйымдастырудағы қауымдық форманың басым түсуінен мемлекет деген ұғымның толық(қазіргі ) мағынасына сай емес еді»(Huntzinger.1988. P. 115-117; Чешков. 1993 // П.А. Цыганков. Теория международных отношений. М.,2004, с. 232).
«Еуропада 30 жылдық діни соғыс аяқталған соң 1648 жылғы Вестфаль бейбіт келісімінде хұқықтық теңдік пен тәуелсіздікке негізделген қазіргі мемлекетаралық қатынастар жүйесі дүниеге келіп бекітіледі.
XVIII ғасырдан бастап мемлекеттіліктің таралуының жаңа фазасы басталады – енді монархтардың суверенитетінің (ішкі, сыртқы саясаттағы монархтың шектеусіз билігі) орнын ұлттардың (нациялардың) суверенитеті басады. Ұлттық мемлекет деп аталатын мемлекеттіліктің формасы қалыптасып, XIX ғасырдан бастап бүкіл Еуропа жеріне, ал кейін ( әсіресе , тұтастай алғанда 1960 жылдарға қарай аяқталған отарлық тәуелділіктен халықтардың бостан болып «үшінші әлемде» ұлттық мемлекеттердің пайда болуымен) бүкіл әлемге тарайды.
Сөйтіп, қазіргі мемлекеттіліктің тіршілік етуі мен генезисінің формасы ұлт(нация) деп аталатын әлеуметтік қауымдастықтың қалыптасуы мен дамуына тығыз байланысты» (П.А. Цыганков. Теория международных отношений. М.,2004, с. 233).
Орыс ғалымының айтып отырғанының бәрі дұрыс – тек отарлық тәуелділіктен халықтардың бостан болуын тұтастай алғанда 1960 жылмен аяқтауға бекер асыққан. 1991 жылдың 16 тамызында Орыс-Совет империясы ыдырап, көп ұзамай бірінен соң бірі дүниеге 14 ұлттық мемлекеттің келгенін жазбаса, мойындамаса - өзінің ғалымдығына сын...
Сонымен , Қазақстан қазіргі заманғы мемлекеттіктің формасы – Ұлттық мемлекет дедік.Иә, рас. Ол бұл жағдайға бір кезде қыл мойынға мықтап түскен құлдық-отарлық бұғаудан ғайыптан тайып босап кетуімен жетті дедік. Ол да - рас. Жә, осымен іс бітті ме? Бітпесе керек. «Үйлену оңай, үй болу қиын» дегендей, мемлекеттігімізді жарияланғанмен, ұлт болып ұйысудың – «Үй болудың» - қиындығын басымыздан бүгін кешіп отырмыз. Ұлт-азаттық қозғалысты үздіксіз жүргізіп (қай формасында болмасын), ұлт ретінде өздерін ешқашан жоғалтпаған халықтар ұлттық идеяны ту етіп көтеріп ақыры тәуелсіздікке қол жеткізеді, ұлттық мемлекетті дүниеге келтіреді. Мысалы, өз бостандығы үшін жанқиярлықпен күрескен поляк халқы, үнділер, орыстың боданы болса да орысқа ешқашан «ішін бермеген» литвалықтар, тіпті алысқа бармай-ақ қоялық – ала тақиялы өзбек ағайындар... Бұл аталған елдер – ұлттық мәселелерін оңтайынан және тез шешті. Өйткені бұлардың жағдайында Ұлт – мемлекетті тудырып отыр. Ал біздің жағдайда, ащы болса да айтайық, мемлекет – Ұлтты тудыруға мәжбүр. Бұл мәселеге біз арнайы кезегі келгенде тоқталамыз, ал әзірге санамызды түрлі қоқыстардан тазартып, тіршілігімізді түзу жолға қою үшін өзімізге ең маңызды саналатын қорытындыларға тоқтала кетейік:
1) Барлық ұлттар көпэтникалық құрылымдар болып табылады, олар әлеуметтік қауымдастықтың саяси ұйысуына (консолидациясына) алып келетін саяси әлеуметтену үдерісінде (в процессе политической социализации), діни наным-сенімдердің, салт-дәстүрлердің, басқа да мәдени құндылықтардың таралуы мен сіңірілуі арқылы қалыптасып, бекиді.
2) Ұлттың шығу тегін (генезисін) анықтайтын негізгі факторлар: бұл ең әуелі тұрып жатқан ортақ жер (территория), - табиғат феномендерін қабылдауда жақындастырып әлеуметтік қауымдастықтың ұйысуына әсер етеді; бұл – баяғы сол бір ресурстармен анықталатын экономикалық қарекет бірлігі, - шаруашылық белсенділіктің ұқсас типін қалыптастырады; Бұл – тіл, дін, мінез-құлықтың әлеуметтік нормалары ортақтығы арқылы көрінетін мәдени бірлік; Ұлттардың қалыптасуында белгілі бір рөлді адамдардың этникалық шығу тегі ойнауы мүмкін, бірақ бұл фактор шешуші болып табылмайды; Бұл, ақыры, - ортақ тағдыр, ортақ өткен мен бүгінді, ортақ болашақты сезінуге мүмкіндік беретін ортақ тарихи тәжірибе. Бірақ көрсетілген факторлардың бірде-біреуі әлеуметтік қауымдастықты ұлт ретінде қарастыру үшін жеткілікті бола алмайды. Мысалы кейбір ұлттар үшін бірнеше тіл (Швейцариия), дін (Қытай), мәдениет (Үнді елі) тән екендігін байқауға болады. Бірақ осы аты аталған факторлардардың ішіндегі ең тұрақтысы ретінде ортақ ұлттық сана-сезім мен тарихи тағдырдың бірлігін түйсінуді атауға болады (Қараңыз: Rasset & Starr. 1981. P. 63-65// П.А. Цыганков. Теория международных отношений. М.,2004, с. 233-234).
Батыс ғалымдарының пікіріне қосыла отырып, өз тарапымыздан ұлттардың өзі шығу тегі (генезисі) жағынан текті ұлттарға және тексіз ұлттарға бөлінетінін айта кетпекпіз. Бұлай бөлудің өлшемі-критерийі ретінде батыс зерттеушілері «шешуші роль ойнамайды» деген адамдардың этникалық шығу тегі бола алады. Ғасырлар бойы бір жерді, территорияны мекендеп бір тіл, ортақ этникалық сана қалыптастырып үлгерген халықтардың өз алдына ұлт болуы, мемлекеттігін қалыптастыруы – табиғи іс. Ал басқыншылық саясатты ту етіп көтеріп, жергілікті автохтонды этностарды жойып, солардың сүйегінің үстіне мемлекет орнатқан елді қалай біз текті мемлекет деп айта аламыз? Бірақ сол атышулы Америка Құрама Штаттарының өзі тексіздік жанын жегідей жеп, өзі жойып жіберген қайталанбас үндіс тайпаларының көне де бай мәдениетімен тектілік байланыс орнатуға бүгінде күш салып жатқанын бәріміз де көріп отырмыз. Осы тұрғыдан алғанда Қазақ ұлты текті ұлттардың қатарына жатады. Және қолдан, жасанды түрде басқа бір , затсыз, тексіз Қазақстандық ұлт жасаудың еш жөні де жоқ, реті де жоқ. Тарихи дамуымыздың шешуші бір кезеңінде осынадай бір жойдасыздыққа ұрынуымыз, мемлекетті қалыптастыратын, мемлекетті қалыптастыруда шешуші роль атқаратын ұлтттық сананың қайта-қайта сыр беруі – бүгінде ұлттық сананың ауыр сырқатқа ұшырағанын көрсетеді. Ұлттық сананың ауыр, отарлық тәуелділік дертінен айықпағанын айғақтайды.
Кез-келген мемлекеттің қалыптасуында белгілі бір этнос шешуші роль атқарады. Этностың, халықтың ғасырлар бойы қиялында, ой-арманында, санасында тербеліп піскен ұлттық идеяның іске асуын біз мемлекет деп атаймыз. Әрі-беріден соң, этностың әлеуеті, күш-қуаты – ұлттық идея тудыра алу қабілетімен өлшенеді. Белгілі испан философы Хосе Ортега-и-Гассет өзінің әйгілі «Бұқаралар көтерілісі» атты еңбегінде ұлттық идеяны алға атылған жебеге теңейді. Ол идея қызықты, тартымды болу керек дейді испан ойшылы. Кімде-кім осы идеяны қабылдап, оған өзінің ісі мен күшін беруге әзір болса – ол сол ұлттың мүшесіне айналмақ.
Осыдан келіп ұлттық мемлекет қалыптастырудағы ұлттық бірдейлікке (национальная идентификация)жету мәселесі туындайды.Ағылшын маманы Э. Смиттің байқауынша ұлттық бірдейліктің қалыптасуы әлеуметтік және саяси тұрғыдағы үдерістердің легитимдігінің негізгі элементі болып табылды.Ұлттық идеологияның міндеті жеке тұлғалалар мен әлеуметтік кластардың бірлігін қалыптастыру, осы мақсат жолында барлық жалпы құндылықтар мен мәдени дәстүрлерді жұмылдыру. Ұлттық доктриналар мемлекетті ақтауға және іргесін бекітуге қызмет ететін, идеологияның рациональдығына (ақылға сыйымдылығына) нұсқайтын мифтер мен символдарды тудырады. Олар әрбір жеке тұлғаға жеке және әлеуметтік бірдейлікті ұсына отырып өзін өзге әлем мен басқа мәдениеттерден айыруға мүмкіндік береді. Тәуелсіздікті легитимді ететін ұлттық ерекшеліктердің бекуіне мүдделі барлық мемлекеттер олардың (мифтер мен символдардың – О.Ж.) таралуына мұрындық болады (Smith.1983 // П.А. Цыганков. Теория международных отношений. М.,2004, с. 234).
Сонымен, мемлекетті қалыптастыратын, оның барлық қан тамырларына, жұлын-жүйкесіне жан беретін, Мемлекет-Ұлт аталатын бір шаңырақтың астында бас қосқан қырық қырау этностарды айрандай ұйытып, ортақ іске жұмылдыратын ұлттық бірдейлік сезімі екен. Мемлекеттік құрылысқа осыншама қажет, осынша қат ұлттық бірдейлікті қалыптастыратын тетік - ұлттық идеология. Ұлттық идеология, ұлттық бірдейлік сезімі қазақ үшін жат, таңсық нәрсе ме, әлде қазақтың да ел болып, етегін жапқан кездері болған ба? Ұлттар шығу тегі жағынан текті, тексіз деп бөлінетінін жоғарыда айттық. Енді тура осы кепті мемлекеттік билікке де қолдануға болады. Отарлық езгіден шыққан, әлі мемлекеттік санасы отарсызданбаған елде тексіз билік орнайды. Тексіз билік – бұрынғы мемлекеттік дәстүрмен кіндік байланысын үзген, өз қарекетінде дәстүрге сүйенбейтін мемлекеттік билік. Оның жарқын бейнесі қазіргі қазақты өз алдына ұлт ретінде мойындағысы келмейтін, ұлттықты-мемлекеттілікті қазаққа қимайтын билік. Қазақ даналығы айтады: «Ескі - жаңаның қазығы, жақсы – жаманның азығы, өлі – тірінің азығы, уайым – шайтанның азығы». Ендеше, ескісіз жаңа жоқ. Бұл – аксиома, абсолюттік ақиқат. Қазақ та өз алдына ел болып, ту тіккен Абылай ханның заманында ұлттық бірдейлік пен ұлттық идеологияның үздік үлгісін көрсеткен көмекей әулие Бұқар жырау:
«Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек,
Бұл үйректей болыңыз,
Судан суға шүйгумен
Көлден көлге қоныңыз.
Бай ұғлы шоралар
Бас қосыпты десін де
Маң-маң басып жүріңіз,
Байсалды үйге түсіңіз.
Айнала алмай ат өлсін,
Айыра алмай жат өлсін,
Жат бойынан түңілсін,
Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз»-дейді
(Алдаспан, Алматы, 2006.120 б.)
Ұлттық идеологияны кім жасайды? Мемлекет дәл осы қазіргі қалпында еліміздің іргесін бекітетін ұлттық идеологияны жасауға қауқарсыз болып отыр. Оны, ащы болса да, мойындауымыз керек.Өзге елдің отары болған жалғыз қазақ емес, басқа да халықтар осы кепті басынан кешірген. Олай болса, олар бұл тығырықтан қалай шықты, тіршілік қам-қарекетін қалай ұйымдастырды деген сауалға жауап табу үшін осы мәселені арнайы зерттеген батыс ғалымдарының ой-жосықтарына сүйенеміз.
Ұлттық идеологияның бекуінде ең негізгі рольді саяси және интеллектуалдық элита ойнайды. Бұл кеп ұлттардың қалыптасуы имперализмнің әсері арқылы жүретін еуропалық емес аймақтарға тән: аталған аймақтардың кәсіби элитасы отарлық билеп-төстеудің барлық формаларынан азат болу мен саяси тәуелсіздікке қол жеткізу үшін болған қозғалысты басқарып, мемлекеттілікте, қоғамның саяси тұрғыдан ұйымдасу формасында, метрополиялардың саяси моделін іс жүзінде қайта тудырады. Және бұл жерде ұлттардың қалыптасуы «керісінше» жүреді: ұлт мемлекеттіліктің генезисінің (шығу тегінің – О.Ж.) алдында, әуел пайда болып онымен бірге жүріп отырмайды, мемлекет ұлтты қалыптастуруда шешуші құрал ретінде пайдаланылады. Әлемнің саяси картасында (мысалы, постколониалды Африкада) ұлты жоқ мемлекеттердің өмір сүруінің парадоксальды жағдайы осымен түсіндіріледі: әңгіме бар, өмір сүріп жатқан мемлекетке сай келетін «біз-қабылдау» - «мы-восприятия» ұлтты жасау үдерісі туралы болып отыр (Rasset & Starr. 1981. P.63 // П.А. Цыганков. Теория международных отношений. М.,2004, с. 234).
Әрине, бұл айтылған кепті өзіміздің бүгінгі жағдайымызға өлшейтін болсақ, барлығы демейік, көп жері дөп келіп тұр. Қазақ мемлекеті бүгін Қазақ ұлтын-мемлекетін шын мәнінде, өзінің атына затын сай қылып тудыра алмай жатыр. «Ауруын жасырған өледі» дейді дана халқымыз. Ендеше біз де, бүгіннен бастап «бәрі жақсы» деп өтірік көлгірсуді қойып, халқымыздың рухани тәніне түскен, халықтың жанына батпандап кірген кеселмен күресуіміз қажет. Ол үшін алдымен ол аурудың, дерттің атын атауымыз шарт. Ол аурудың, дерттің, кеселдің аты – отарланған сана! Қазақ халқының басына төнген нәубетті дәл болжай білген, көрегендікпен отарланған халықтың жанының диагнозын дәл қойған Бұқар бабамыз:
Күн батыста бір дұшпан,
Ақырда шығар сол тұстан.
Өзі сары, көзі көк,
Бастығының аты боп,
Күншығысқа қарайды,
Шашын алмай тарайды,
Құдайды білмес, діні жоқ,
Жамандықта міні жоқ,
Затсыз, тексіз жөн кәпір,
Аузы-басы жүн кәпір
Жаяулап келер жұртыңа,
Жағалы шекепен кигізіп,
Балды май жағар ұртыңа,
Жемқорларға жем беріп,
Азды көпке теңгеріп,
Ел қамын айтқан жақсыны
Сөйлетпей ұрар ұртына.
Бауыздамай ішер қаныңды,
Өлтірмей алар жаныңды,
Қағазға жазар малыңды,
Есепке салар барыңды,
Еліңді алар қолыңнан,
Әскер қылар ұлыңнан.
Тексізді төрге шығарып,
Басыңа ол күн туғанда,
Теңдік тимес құлыңнан.
Бұл айтқан сөз, Абылай,
Болмай қалмас артыңнан,
Есті, міне, қартыңнан!- дейді (Алдаспан, Алматы, 2006.136 б.)
«Көрмес түйені де көрмес», Ресей-Совет империясы қазақты қазақ қылып тұған қазақы қанын «бауыздамай ішіп» , қазақы жанын «өлтірмей» -ақ суырып алып тұр ғой. Ендігі мақсат – сол қазақы қан мен жанды ақы иесіне қайтаруда! Отарсыздандыру үдерісінің негізгі мағынасы мен мәні де осында.
Қытайлар айтады: өзінің ауру екенін білген енді ауру емес деп. Ол үшін, халықтық деңгейінде, мемлекеттік деңгейде қазақ халқының Ресей- Совет империясынң отары болғаны ресми түрде мойындалуы керек. Егер біз халықтық сана деңгейінде бұл фактіні мойындамасақ, мемлекеттік сана, ұлттық сана сол сырқат күйінде қала бермек. Сырқат сана мемлекеттігіміздің іргесін бекітуге жұмыс істемей, әртүрлі жойдасыз, сырқат санаға тән құбыжық құбылыстарды тудыра бермек.
Осы отарсыздандыру үдерісін жүргізуде негізгі күш кәсіби элитаға түсетінін жоғарыда сөз еттік. Бірақ біздің кәсіби элитамыздың көбі отаршылдық кезеңде қалыптасқан кәсіби элита. Махмбет бабамыз айтады:
...Құс ілген қуда сын жоқ ұятпен,
Ер жігіт жауға шаппай қалар деймісің, -деп.
Кәсіби элитаның өз міндетін толық қанды атқара алмай отырғанының негізгі себебі де осы. Құстың тырнағы батқан қуда не сын, не ұят қалады? Махамбет толғауы Ресей-Совет империясының екі басты самұрық құсының тырнағы аяусыз батқан, өз кәсіби деңгейінде көріне алмай пұшайман күн кешіп отырған бүгінгі қазақ кәсіби элитасының образын дәл береді.
Ендеше, «жауға шабатын ер жігіттерді» дайынау, елін, жерін жеке басының амандығынан жоғары қоятын кәсіби элита дайындау – бүгінгі күннің талабы. Ол жаңа сападағы элита, сөзсіз, халық санасын, ұлт санасын отарсыздандыру үдерісі нәтижесінде дүниеге келеді.

Омар ЖӘЛЕЛҰЛЫ ,
Астана қаласы.